ҚРКФ төрағасы: «Іс-әрекеттердегі бірлік – кәсіподақ бастамаларын алға бастырудың негізі»

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясындағы қорытынды шара облыс кәсіподақтар орталығының Үйлестіру кеңесінің отырысы болды.

Үйлестіру кеңесінің құрамына 6 салалық кәсіподақ, 8 жергілікті, 13 аудандық және 6 бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары кіреді. Облыста 65 089 кәсіподақ мүшесін біріктіретін 1257 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар.

Әріптестері алдында сөйлеген сөзінде ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға кәсіподақ бірлестігінің  қатысуына тоқталды.

Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, Мемлекет басшысы айтқан әлеуметтік-экономикалық бағыттағы барлық бастамалар кәсіподақ мүшелерінің сұраныстарына жауап болып табылады.

«Ең төменгі жалақыны кезең-кезеңмен арттыру, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, еңбекке және еңбек адамына дұрыс көзқарас – біздің қызметіміздегі басымдықтар Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Президент Үкіметке ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесін әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Кәсіподақтар бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді – бізді тыңдап, қолдады», – деп атап өтті Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Ол, сондай-ақ, Әділетті Қазақстанды құру бағытында мемлекет ұстанған бағытты табысты жүзеге асыру үшін кәсіподақ бірлестігін одан әрі үйлестіру  қажет екенін атап өтті.

Осындай үйлесімнің үлгісі ретінде ҚРКФ төрағасы өткен жылы басталған «Халық бюджеті» жобасын атады. Оның мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының бастамаларына қолдау көрсету.

Бастауыш кәсіподақ ұйымдары өз жобаларын «Халық бюджетінің» конкурс комиссиясына жібереді, іріктеуден кейін ең өзекті бастамалар анықталады, олардың іске асырылуына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қолдау көрсетеді. Биылғы жылы байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар қатарында Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақ орталығының бастауыш кәсіподақ ұйымы да бар. «Халық бюджеті» жобасының жеңімпазы жұмыс берушілер үшін семинарлар ұйымдастыру идеясын жүзеге асыру үшін ҚРКФ 1 миллион теңге алды.

Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау және саладағы мүдделерін ілгерілету саласындағы инновацияларды енгізуге мүмкіндік беретін кез келген бастама Кәсіподақтар федерациясы тарапынан қолдау табады.

«Бастауыш кәсіподақ ұйымдарын «Халық бюджеті» жобасы арқылы қолдау – Федерацияның бастауыш кәсіподақтармен кері байланысының тағы бір арнасы. «Халық бюджеті» жобасына деген қызығушылық артып келеді. Өткен жылы бір жеңімпаз болса, биыл бірден үшеу. Салалық кәсіподақтар келесі жылы бұдан да көп қатысушыларды қолдау үшін жүлде қорын көбейтуді ұсынып отыр. Және бұл мақтауға тұрарлық. Федерацияға мүше барлық ұйымдардың іс-әрекеттеріндегі бірлік қазақстандық кәсіпорындардың миллиондаған қызметкерлеріне лайықты жағдай жасау, лайықты еңбекақыны қамтамасыз ету бойынша кәсіподақ бастамаларын алға бастырудың негізі болып табылады», – деді ҚРКФ төрағасы мәжіліс соңында.

ҚРКФ медиаорталығы