Душанбедегі ХЕҰ конференциясы: Орталық Азия кәсіподақтары қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларына құқықты алға бастырады

Ағымдағы жылдың 24-25 қазан күндері Халықаралық еңбек ұйымы мен Тәжікстанның тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен Душанбеде «Орталық Азия кәсіподақтары халықаралық еңбек стандарттарына сәйкес алдын алудың, есеп берудің және тексерудің тиімді саясатын ілгерілету арқылы қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларына құқықты қорғайды» Орталық Азия кәсіподақтарының аймақтық конференциясы өтуде. Конференцияға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған қазақстандық делегация қатысуда.

Екі күн ішінде Орталық Азия елдері – Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан кәсіподақтарының көшбасшылары мен белсенділері, сондай-ақ ХЕҰ/ACTRAV сарапшылары Орталық Азия аймағы кәсіпорындарының қызметінде халықаралық қауіпсіздік стандарттарын енгізу бойынша негізгі ұсыныстарды анықтайды.

Форумға қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбекті қорғауды дамыту мен жетілдірудегі жаһандық үрдістер қауіпсіз жұмыс орындарын құруға бағытталғанын ерекше атап өтті.

«Жұмыскер апат қаупін азайтатын ортада болуы керек. Бұған заманауи стандарттар мен рәсімдерге сәйкес жабдықтарды жаңғырту, озық технологияларды пайдалану, соңғы ғылыми жетістіктерді кеңінен тарту және еңбекті қорғаудың оң мәдениетін дамыту, заңнамалық-құқықтық негізді өзектендіруге бағытталған әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының бірлескен іс-қимылдары жағдайында ғана қол жеткізуге болады», – деді ҚРКФ төрағасы.

Халықаралық еңбек ұйымының атынан сөз сөйлеген ХЕҰ Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы аймақтық кеңсесінің жұмысшылар қызметі жөніндегі аға маманы Гоча Александрия аймақтық ауқымда іргелі халықаралық қауіпсіздік стандарттарын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Ол жұмысшылардың қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларына негізгі құқықтарының заң жүзінде және тәжірибеде сақталуын қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың рөлін атап өтті.

Конференция барысында ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері еңбекті қорғау саласындағы тиісті халықаралық еңбек стандарттарын енгізу бойынша елдік баяндамалар жасады.

Конференцияға қатысушыларға Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Айгүл Есекенова Қазақстан Республикасындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы халықаралық еңбек стандарттарын қолдану туралы айтып берді.

Оның айтуынша, бүгінгі күні халықаралық еңбек стандарттары саласында Қазақстан ХЕҰ-ның 25 конвенциясын ратификациялаған, оның ішінде қауіпсіздік және еңбекті қорғау туралы алтауы (№ 148, 155, 162, 167, 182 және 187), еңбек инспекциясы бойынша – екеу (№ 81 және 129).

Қазақстан Республикасында еңбекті қорғаудың және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін дамыту және жетілдіру «Еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасын қамтамасыз етудің негіздері туралы» ХЕҰ-ның №187 конвенциясының талаптары аясында жүзеге асырылады.

 

«Кәсіподақтар федерациясы жолдаған ұсыныстардың бір бөлігі 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілген. ⠀Бұл – ХЕҰ-ның №184 «Ауыл шаруашылығындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы туралы» конвенциясын ратификациялау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін кәсіпорындарда тік бақылауды енгізу, сондай-ақ Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері. Бұл ретте шахталардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы, өндірістік жарақат алған кездегі жәрдемақылар туралы, еңбек гигиенасы қызметтері; жұмыста қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін дамыту; қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту; қауіпсіздік пен еңбекті қорғау шараларының барлық кезеңдерінде жұмысшылар мен олардың өкілдерінің рөлін күшейту туралы халықаралық конвенцияларды ратификациялау бойынша жұмысты одан әрі жалғастырылмақ», – деді Айгүл Есекенова.

Сондай-ақ Тәжікстан тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары И.Файзизода, Өзбекстан кәсіподақтар федерациясының еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Н.Гаибназарова және кәсіподақ форумының басқа да қатысушылары қауіпсіздік стандарттарын жүзеге асыру тәжірибесі бойынша сөз сөйледі.

Конференция барысында кәсіподақ көшбасшылары Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің (ОАЕКК) мүшелері – ұлттық кәсіподақ орталықтарының алдағы мақсаттарын айқындап, Кеңес мүшелері аймақта қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету стандарттары жүзеге асыру бойынша өзара іс-қимылын одан әрі үйлестіруге келісті.

ҚРКФ медиаортылығы