Поздравление Председателя Федерации профсоюзов РК с Днём социального работника

Құрметті халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – әлеуметтік қызметкерлер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлер күні атап өтіледі. Əлеуметтік сала – еліміздегі ең маңызды бағыттардың бірі. Осы орайда Сіздердің мейірім мен шапағатқа негізделген еңбектеріңізді айрықша атап өткен жөн. Себебі, әлеуметтік қызметкер тек кәсіп иесі ғана емес, өзгенің мұң-мұқтажына бейжай қарай алмайтын жүрегі ашық мейірбан жан.
Қазіргі таңда елімізде халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне жан-жақты көңіл бөлініп келеді. Яғни, әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің саны артып, мұқтаж жандарға қажетті көмектер көрсетілуде.
Көңілі қаяу азаматтардың қайғысы мен қиындығын бөлісіп, бірге еңсеруге аянбай еңбек етіп жүрген Сіздердің елеулі еңбектеріңіз зор құрметке лайық.
Бұл саланың басты құндылығы – кәсіби деңгейі жоғары, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген еңбеккерлер.
Осындай мерейлі мейрам күні Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, қуаныш, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!

Ізгі ниетпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин