ҚР Кәсіподақтар федерациясының заңгерлері білім беру жүйесіндегі кәсіподақтардың құқығын қорғауға ниетті

«Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ мүше ұйымы Қарағанды ​​облысының «Білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысы Г.Ш.Қожахметованың тарапынан кәсіподақ ұйымдарының қызметіне араласу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына жүгінді.

Салалық кәсіподақтың өтінішінде Қарағанды ​​облысының «Білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Г.Ш.Қожахметованың, Шет ауданы бойынша білім басқармасының басшысы Е.Ж.Смағұл, Осакаров ауданы бойынша білім басқармасының басшысы А.И.Ақмағанбетова және Теміртау қаласы бойынша білім басқармасының басшысы Р.К.Қазтаеваның тарапынан да кәсіподақ ұйымдарының қызметіне араласу фактілері көрсетілген.

Қазіргі уақытта Қарағанды ​​облысының басқа аудандарында да «Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» ҚБ-нен «Білім» жергілікті білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы» ҚБ-не ауысу үшін Федерацияға мүше ұйымдарға қысым көрсету жалғасуда.

Салалық кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, Қарағанды ​​облысының мемлекеттік органдарының жоғарыда аталған лауазымды тұлғалары кәсіподақтарды бағындырып, олардың қызметін бақылауға алу ниеттерін танытып отыр.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабына сәйкес, мемлекеттің қоғамдық бірлестіктердің істеріне және қоғамдық бірлестіктердің мемлекет ісіне заңсыз араласуына, мемлекеттік органдардың функцияларын қоғамдық бірлестіктерге жүктеуге жол берілмейді.

Қазақстан Республикасының Конституциясында қоғамдық бірлестіктердің заң алдында тең екендігі анық көрсетілген.

Кәсіподақтардың қызметіне араласуға тыйым салу Бірлестіктердің бостандығы және кәсіподақтарға бірігу құқығын қорғау туралы Халықаралық Еңбек Ұйымының № 87 Конвенциясына (Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 желтоқсандағы №29-II Заңымен ратификацияланған) негізделген.

Заңның 4-бабының 3-тармағына сәйкес кәсіподақ құруға кедергі келтіруге, оның қызметіне қарсылық көрсетуге, сондай-ақ оның ісіне заңсыз араласуға жол берілмейді.

Заңның 7-бабының 3-тармағында адамдарды кәсіподаққа кіруден бас тартуға, бір кәсіподақтан шығып, екіншісіне кіруге немесе кәсіподақты өз бетінше таратуға мәжбүрлеу үшін қорқытумен немесе өзге де заңсыз әрекеттермен ықпал етуге тыйым салу белгіленген.

Лауазымды адамның өзiнiң қызмет бабын пайдаланып қызметкерлер өкiлдерiнiң заңды қызметiне кедергi жасауы, сол сияқты олардың заңды қызметiне араласуы ӘҚБтК-нің 77-бабында және ҚР Қылмыстық кодексiнiң 54-бабында көзделген әкiмшiлiк және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

Осыған байланысты, Федерация ҚР ӘҚБтК-нің 31-бабының 1-тармағы мен 91-бабының 3-тармағының негізінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне заңнаманы бұзу фактілерін жойып, қажетті әрекет ету шараларын қабылдау үшін тиісті хаттар жолдады.

Салалық кәсіподақ сотқа шағымданған жағдайда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ҚРКФ заң қызметі тарапынан заңгерлік көмек көрсетеді.

Кәсіподақтардың өз мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау және өкілдік ету құқығы «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында бекітілген.

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы өзінің жарғылық қызметі аясында тұрақты негізде оған мүше ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін білдіреді және қорғайды.

 

ҚРКФ Заң департаменті