Ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары ХКК жаңа Бас хатшысын сайлады

Австралияның Мельбурн қаласында өтіп жатқан Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V конгресінде ұйымның жаңа Бас хатшысын сайлау өтті.

ХКК жоғары лауазымына екі кандидат ұсынылды – Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясының (ETUC) Бас хатшысы Лука Висентини және IndustriALL жаһандық одағы бас хатшысының көмекшісі Кемал Озкан.


Үміткерлер өз бағдарламаларын ұсынғаннан кейін жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен Лука Висентини Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы болып сайланды.

Лука Висентини 1969 жылы Италияның Удине қаласында дүниеге келген. Италиялық және еуропалық кәсіподақ қызметкері 2015 жылдың қазанынан 2022 жылдың қарашасына дейін Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясының (ETUC) басшысы болды.


Қазақстандық делегацияның басшысы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Лука Висентинимен кездесіп, оны ХКК Бас хатшысы болып сайлануымен құттықтады, сондай-ақ ҚРКФ осы беделді халықаралық ұйымдағы мүшелігін қалпына келтіру туралы мәселені қарауға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Тараптар әлеуметтік әділеттілікті ілгерілетуде, еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғауда ҚРКФ мен ХКК арасындағы ынтымақтастықты белсенді дамытуға келісті.


Сатыбалды Дәулеталин шетелдік әріптестерімен де бірқатар кездесулер өткізді. Жапонияның JTUC-RENGOC кәсіподақтар конфедерациясының президентімен келіссөздер барысында Томоко Йошино JILAF (ДЖИЛАФ) білім беру бағдарламасы бойынша бірлескен жобаларды талқылады. ҚРКФ төрағасы, сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясының «еңбек консультацияларын» өткізуде Жапония тәжірибесін сәтті пайдаланып жатқанын атап өтті, сондай-ақ жапондық әріптестердің Кәсіподақ банкін құру жөніндегі әзірлемелеріне қызығушылық танытты.


Қазақстандық делегацияның басшысы Сатыбалды Дәулеталин Австралия кәсіподақтар кеңесінің президенті Мишель О’Нилмен кездесу барысында конгресс делегаттарының жұмысына қолайлы жағдай жасап, жылы қарсы алғаны үшін қабылдаушы тарапқа алғысын білдірді. Тараптар кәсіподақ күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша, атап айтқанда, Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларын ілгерілету және ратификациялау бойынша тәжірибе алмасуда өзара ынтымақтастықты нығайтуға келісті.

Еске салайық, 17-22 қараша аралығында Мельбурн қаласында Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V конгресі өтуде. 300 ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері болып табылатын және дүние жүзінде 200 миллионға жуық жұмысшыны біріктіретін мыңнан астам кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері жаһандық күн тәртібін талқылау және Жаңа әлеуметтік келісімшарт туралы Декларацияны қабылдау үшін жиналды. Съездің бірінші күнінде ХКК Бас кеңесі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылдады.

ҚРКФ медиаорталығы