Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ұлттық лайықты еңбек бағдарламасын әзірлеу туралы бастама көтерді

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының қорытынды отырысына қатысып, оның барысында үгіт-насихат кезеңінде атқарылған жұмыстардың қорытындылары талқыланды.

Отырысты ашқан штаб басшысы Ерлан Қошанов Президент сайлауы заң мен халықаралық нормаларға толыққанды сай өткенін атап өтті.

Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы сенімді жеңісі халықтың Президентке және оның жүргізіп жатқан реформаларының бағытына деген жоғары сенімінің көрсеткіші екенін атап өтті. Оның айтуынша, сайлау Халықтық коалицияға енген барлық партиялар мен қоғамдық ұйымдарды бір командаға біріктірді.

Ерлан Қошанов Халықтық коалицияның жұмысы әлі аяқталмағанын, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үдерісіне коалицияға кіретін қоғамдық-саяси күштердің белсенді түрде атсалысатынын атап өтіп, атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдірді.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әріптестерін президенттік сайлаудағы ортақ жеңіспен құттықтады.

Кәсіподақтардың сайлауалды кезеңдегі жұмысын қорытындылай келе, ҚРКФ төрағасы екі негізгі аспектіге – қоғамның әділеттілікке деген жоғары сұранысына және халықтық коалиция жұмысының нақты нәтижесіне тоқталды.

Айтылған қорытындыларға сүйене отырып, Сатыбалды Дәулеталин Қазақстанда ұлттық лайықты еңбек бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыруды ұсынды.

«Мүдделері, бағдарламалары мен мақсаттары әртүрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы осындай күрделі кезеңде өте тиімді болды. Жалпы, өткізілген кездесулер халықтың, әсіресе, қарапайым жұмыскерлердің лайықты еңбекке, еңбекақыға және қауіпсіз еңбек жағдайына сұранысы бар екенін көрсетті. Бұл сауалдарға Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында жауап беріп, сайлаушылардың жүрегінен лайықты орын алды деп ойлаймын. Алда көп жұмыс бар. Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істейтінімізге келістік. Менің ойымша, алдағы жұмысымызда Ұлттық лайықты еңбек бағдарламасы қажет. Осы мәселелерді қарауды ұсынамын», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сонымен қатар, ол саяси партиялардың өкілдерін еңбекші халықтың мұң-мұқтажы мен мүддесіне жан-жақты көңіл бөлуге шақырды.

«Алда Парламент сайлауы күтіп тұр. Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы 2 миллионға жуық жұмыскерді біріктіріп отыр. Еліміздің дамуы мен өркендеуі қарапайым еңбеккерлерге байланысты. Партия өкілдерінің қатысуын пайдалана отырып, егер сіздердің сайлауалды бағдарламаларыңыз еңбек адамының мүддесін қорғауға бағытталған болса, Кәсіподақтар федерациясы қолдау көрсетуге дайын екенін атап өткім келеді», – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Ол сондай-ақ кездесуге қатысушыларды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігінің қалпына келтірілгені туралы хабардар етті және Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы жеңісі туралы халықаралық сарапшылардың пікірлерімен бөлісті.

«Сайлау барысында Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Австралияда өткен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V Дүниежүзілік конгресінің жұмысына қатысты, онда біздің мүшелікті қалпына келтіру мәселесі қаралды. Бізді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жеңісімен құттықтай отырып, шетелдік әріптестеріміздің Президентімізге терең құрмет танытқанын айта кеткен жөн. Халықаралық аренада ол көрнекті саясаткер және дипломат ретінде қабылданады. Бұл еліміз үшін, халқымыз үшін үлкен жетістік деп білемін», – деп қосты Сатыбалды Дәулеталин.

Жиын барысында тұңғыш ғарышкер, «Халық қаһарманы» Тоқтар Әубәкіров, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан халықтық партиясының жетекшісі Ермұхамет Ертісбаев, қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев, «Қазақстанның азаматтық альянсы» президенті Бану Нұрғазиева, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, белгілі заңгер Бақытжан Базарбек, Павлодар облыстық қоғамдық штабының жетекшісі Илья Теренченко, «Qazaqstan Team» жастар бірлестігінің жетекшісі Олжас Сүлейменов және т.б. сөз сөйледі.

Атап өтілгендей, үгіт-насихат кезеңінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері 42 қала мен 5 мыңнан астам ауылдық елді мекендерді аралады. 3 миллион сайлаушыны қамтыған 24 мың үгіт-насихат шарасы өткізілді. Кездесулер барысында 40 мыңнан астам азаматтардың ұсыныс-тілектері жиналды. Халықтық коалиция мүшелері Қазақстан Республикасы Президентінің реформаларын жүзеге асыру бойынша жұмысты жалғастыру туралы ұсынысты қолдады.

 

ҚРКФ медиаорталығы