Атқару комитеті: Бас кеңестің қорытынды отырысы 27 қаңтарға жоспарланды

Сәрсенбі, 7 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен ҚРКФ Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті.


Күн тәртібіне сәйкес Атқару комитетінің мүшелері кадр мәселесін қарады: Атырау және Маңғыстау облыстары аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің жаңа басшылары сайланды.

Ұсынылған кандидатураларды талқылағаннан кейін Атқару комитетінің мүшелері мен облыстардың кәсіподақ активінің өкілдері 3 ай сынақ мерзіміне Атырау облысының кәсіподақ орталығының төрағалығына Әлібек Семғалиевтің және Маңғыстау облысының кәсіподақ орталығының төрағалығына Сәдуақас
Бекғалиевтің кандидатурасын мақұлдады.

Осы ретте Кәсіподақтар федерациясының төрағасы өңірлердегі бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, аймақтық құрылым басшыларына нақты міндеттер жүктеді.


«Бүгін сіздер 3 ай сынақ мерзімімен сайландыңыздар. 3 айдан кейін осы мәселеге қайта оралып, Атырау және Маңғыстау облыстарындағы кәсіподақ ұйымдарының қызметін біріктіру және нақты үйлестіру мәселелерінде атқарған жұмыстарыңыздың тиімділігін қарастырамыз. Бар олқылықтарды жою, саладағы кәсіподақ жұмысын жандандыру және әлеуметтік әріптестермен сындарлы диалог құру міндеттері ұжымдық әрекетпен ғана жүзеге асады. Естеріңізге сала кетейін, кәсіподақ көшбасшысы өз қызметінде ең алдымен жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау ұстанымын ұстануы керек. Бұл құқықтық салада әрекет ететін кәсіподақтар еңбек заңнамасында қарастырылған барлық мүмкіндіктерді пайдалануы қажет дегенді білдіреді. Сонымен қатар, біз Еңбек кодексін Еңбек адамына қарай бұруға бар күш-жігерімізді салуымыз керек, бірақ ол үшін бірлік пен ынтымақпен әрекет етуіміз керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитеті Грузия кәсіподақтары қауымдастығының президенті, ХКК БЕАҚ президенті, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының вице-президенті Ираклий Петриашвилиді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар
федерациясының «Ынтымақтастық» марапатымен марапаттау туралы шешім қабылдады.


Атқару комитетінің мүшелері Ираклий Петриашвилидің халықаралық кәсіподақ ынтымағын дамыту мен нығайтуға, дүниежүзілік кәсіподақ қозғалысы идеяларын таратуға және Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіподақ орталығымен тығыз ынтымақтастық орнатуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Атқару комитеті Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының марапаттарымен марапаттау туралы мәселені қарағаннан кейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар
федерациясының Бас кеңесінің отырысын өткізу күнін бекітті.

Бірауыздан қабылданған шешіммен Атқару комитетінің мүшелері Бас кеңесті 2023 жылдың 27 қаңтарында шақыру туралы шешім қабылдады. Бұл күні Кәсіподақтар федерациясының басқару органы «Әлеуметтік әріптестік жылы» аясында өткізілген 2022 жылға арналған іс-шаралардың қорытындысын шығарып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» Стратегиясын одан әрі іске асыру бойынша мүше ұйымдардың алдына жаңа міндеттер қояды.

ҚРКФ медиаорталығы