Поздравление Председателя Федерации профсоюзов РК с Днем Независимости Республики Казахстан

Құрметті әріптестер, қымбатты достар!
Сіздерді Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
      Әр халық үшін тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Қазақстанның Тәуелсіздік күні – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған ұлы күн. Азаттықты аялау, оны бағалай білу мен тәуелсіздіктің тұғырын биіктету – бүгінгі және өскелең ұрпақтың басты міндеті.
Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті.
Осы жылдар ішінде еліміз бағындырған биік белестер мен асқан асуларында, қол жеткізген жетістіктерінде қарапайым Еңбек адамдарының адал қызметімен айшықталған қолтаңбалары бар.
       Сіздер Еңбек адамы ретінде қай салада болсын ел игілігіне қызмет етіп келесіздер. Қоғамдағы барлық игілік адамның қажыр-қайратымен жүзеге асырылады. Сіздер көрсеткен еңбек пен табандылық, ақыл-парасат пен талантты айрықша айтып өткен жөн.
Ұлы даламызда көк байрағы желбіреген, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай!
     Осындай мерейлі күні Сіздерге зор денсаулық, береке-бірлік, толағай табыс, қызметтеріңізге зор жетістік тілеймін!
Ізгі тілекпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының
Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин