Кәсіподақтар федерациясының оқыту семинарлары топтамасын “Кезби” компаниясы тұйықтады

Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған еңбек заңнамасына оқыту семинарларының алғашқы топтамасы бүгін Жаңаөзен қаласында “Кезби” серіктестігінде тұйықталды.

Оқыту семинарларының 5-ші күніндегі кәсіпорындағы кездесу кәсіподақ өкілдерінің компанияның техникалық директоры Нұрлан Кезбиевпен сұқбаттасуымен басталды. Еңбек заңнамасын оқыту жобасының үйлестірушісі, Кәсіподақтар федерациясының еңбек заңнамалары сарапшысы Лаззат Есжанова компания басшылығына оқыту семинарларын өткізу мақсаттарына және оның жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің өзара әрекеттесуі бағытындағы маңыздылығына тоқталды.

Семинар оқыту барысында Маңғыстау облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Данияр Кеңшілік, облыстық еңбек инспекциясы инспекторы Мұхтар Сансызбаев еңбек дауларының туындауы, оны қарау тәртіптерін түсіндіріп, өңірде 2022 жылы орын алған ұжымдық еңбек даулары туралы мәліметтермен бөлісті.

Кәсіподақтар федерациясының еңбек заңнамасы сарапшылары Лаззат Есжанова және Майра Боранбаева мұнайшыларға еңбек заңнамасы қолдану тәжірибесін баптар бойынша түсіндіріп, заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер туралы әңгімеледі.

Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер өкілдері қатысқан семинарда олардың құқықтары мен міндеттері, өкілеттіліктері, вахталық жұмыс әдісі, ауысымдық жұмыс, жұмыс орынында еңбек қауіпсіздігін ұйымдастыру мәселелері және басқа да сұрақтар қызу талқыланып, дәріскерлерден түсіндірмелер берілді.

Жалпы, 1992 жылдан бері аймақта мұнай саласында қызмет көрсетуші “Кезби” серіктестігінде қазірде 1 мыңнан аса жұмыскер жұмыс істейді. Компанияда екі кәсіподақ ұйымы жұмыскерлер мүдделерін білдіреді.

Компания ұжымы осы тақырыптағы еңбек заңнамаларын түсіндіру оқытуларының қажеттілігін жеткізіп, семинар ұйымдастырушыларына дәріс үшін ризашылықтарын білдірді.