Сатыбалды Дәулеталин: «Еңбек адамының мүддесін алға бастырудың тиімділігі – кәсіподақтардың іс-әрекетінің бірлігінде»

Алматыға жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин оңтүстік мегаполистің Кәсіподақтар орталығының Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізді. Іс-шараға салалық кәсіподақ, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының басшылары қатысты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Алматы қаласы кәсіподақ активінің назарын әлеуметтік-еңбек қатынастарын әділ реттеу үшін мәселелерді бірлесіп шешуге аударды.

«Мұндай кездесулер ҚРКФ басшылығына жергілікті жерлерде еңбек қатынастарының қалай қалыптасып жатқанынан хабардар болуға мүмкіндік береді. Біздің ортақ міндетіміз – әділ еңбек қатынастарын қалпына келтіру және дамыту – бұл лайықты еңбек, лайықты еңбекақы, лайықты жұмыспен қамту, лайықты еңбек жағдайлары. Лайықты еңбектің негізі – ең алдымен лайықты еңбекақы», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, жалақының лайықты деңгейін қамтамасыз ету шаралар кешенін қабылдауды талап етеді, оны жүзеге асыру үшін қолданыстағы заңнамаға елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасының үкіметіне нақты ұсыныстар жолдады.

«Ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеу бойынша кәсіподақтардың көптен бергі бастамасы жүзеге асырыла бастады. Кәсіподақтардың ең төменгі жалақы мөлшерін ұлғайту жөніндегі бастамасын жүзеге асыру Президенттің біздің ұстанымымызды ашық және біржақты қолдағаннан кейін нақты іске айналғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл бізге құлақ асып, естіп жатқанымызды көрсетеді. Біз әрі қарай әрекет етуіміз керек!», – деді ҚРКФ төрағасы.

Кәсіподақтар федерациясы еңбек заңнамасына жалақы бөлігінде түзетулер енгізу бойынша жұмысты жалғастыруда, атап айтқанда, әлеуметтік әріптестерге жалақыны инфляцияға міндетті жыл сайынғы индексациялауды бекіту туралы ұсыныстар енгізілді.

«Жалақыны индекстеу – бұл көптеген жұмыс берушілердің ойынша  жалақыны арттыру емес, бұл инфляция пайызына жалақыны қайта есептеу. Сонымен қатар, біз ең төменгі жалақы мөлшері туралы ХЕҰ-ның 131 конвенциясын ратификациялауға жәрдемдесу жұмыстарын жалғастырамыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин әріптестеріне.

Ол, сондай-ақ, кірістерді ұлғайту тұрғысынан ҚРКФ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың жоғары басшылығы мен төмен жалақы алатын қызметкерлерінің жалақысы арасындағы алшақтықты он еседен аспайтын мөлшерде заңнамалық тұрғыдан шектеуді жақтайтынын атап өтті.

Еңбеккерлердің қауіпсіз еңбекке құқықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз ету кәсіподақ қызметінің маңызды бағыты болып қала береді. Жыл сайын қазақстандық кәсіпорындарда 1500-ге жуық адам зардап шегеді, 200-ден астам адам қаза болады. Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының биылғы жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялағанын еске салып, бірқатар міндеттерді атап өтті.

«Еңбекті қорғау және қауіпсіздік мәселелерін шешуге жәрдемдесу үшін Кәсіподақтар федерациясы және оның елдегі кәсіпорындардағы мүше ұйымдары  еңбекті қорғау және қауіпсіздік бизнес-процестерін автоматтандыруға арналған «ASPANS» ақпараттық платформасын енгізуді жалғастыруы керек. Бағдарлама кәсіпорындарда жазатайым оқиғалар мен жарақат алу қаупінің алдын алуға және болдырмауға бағытталған. «Халықтық бақылау» жобасы қолдауға және одан әрі іске асыруға лайық, бұл кезде мүгедектігі бар кәсіпорынның бұрынғы қызметкерлері бейнебақылау, қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қадағалауды жүзеге асырады. Қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелерінде тәуекелге негізделген тәсілге көшу маңызды, ол талдау арқылы тәуекелдерді жояды», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ төрағасының айтуынша, бұл ұсыныстардың барлығы республика өңірлеріндегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кері байланыс нәтижесінде қалыптасқан және ол бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына жүгінді.

«Бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ қозғалысының негізі болып табылады. Бүгінгі таңда бастауыш ұйым төрағаларының 86 пайызы босатылмаған, олар қоғамдық негізде жұмыс істейді. Барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына жұмыскерлердің құқықтарын қорғауда, кәсіподақ қозғалысының мүддесін қорғауда атқарып жатқан жұмыстары үшін алғыс айтамын.

Соңғы бірнеше жылда біз кәсіподақ қозғалысының тұрақтылығы мен ұйымшылдығын қамтамасыз ете алдық. Біз, құрметті бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кәсіподақ бастамаларын ілгерілету және дамыту бойынша алдағы қадамдарды бірлесіп алға қойып, жүзеге асыруымыз өте маңызды. Еңбек адамының мүддесін алға бастырудың тиімділігі кәсіподақтардың іс-әрекетінің бірлігінде, ал кәсіподақтардың күші – бірлік пен ынтымақта», – деп еске салды ҚРКФ төрағасы әріптестеріне.

Өз кезегінде Алматы қаласы Кәсіподақ орталығының үйлестіру кеңесінің мүшелері кәсіподақтың негізгі бастамаларын алдағы уақытта да бірлесіп алға бастыруға дайын екендіктерін жеткізді. Кәсіподақ орталығының төрайымы Зәуреш Өмірбаева және салалық кәсіподақ бірлестіктері филиалдарының, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының басшылары олардың қызметін ҚРКФ қолдайтынын атап өтті.

«Әлеуметтік әріптестеріміз жүзеге асыруға қабылданған Кәсіподақтар федерациясының бастамалары Еңбек адамының әділетті әлеуметтік және еңбек мүдделерін қалпына келтіру бойынша алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге деген сеніміміздің кепілі болып табылады. Бірлікте біз әділеттілікке қол жеткізіп, еліміздің еңбек адамдарының игілігі үшін одан әрі дамуды мақсат етеміз», – деп сендірді алматылықтар.

ҚРКФ медиаорталығы